«Ақмола облысы білім басқармасының
Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Жақсы ауылының №2
жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне
29.09.2025
Шығыс Қазақстан облысы, Курчум ауданы, Шанагаты ауылында 1984 жылдың қараша айында дүниеге келген Кожебаева Гульназ Серикжановна – шәкірт жүрегіне білім нәрін дарытып қана қоймай, олардың өмірлік бағытын айқындап келе жатқан ұлағатты ұстаз.
2009 жылы Астана қаласындағы Гуманитарлық институтты тәмамдаған жас маман алғашқы еңбек жолын елордадағы №27 мектеп-лицейінде бастады. Ал 2012 жылдан бастап Жақсы ауылындағы Тілдер орталығында мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін оқытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге өзіндік үлес қосты.
2016–2018 жылдары Жақсы ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруге күш салды. Қазіргі таңда осы білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде талай шәкіртінің жүрегіне жол тауып келеді.
Ізденімпаз ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2024 жылы өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында аудандық кезеңде – І орын, облыстық кезеңде – ІІ орын иеленіп, республикалық деңгейде сертификат иегері атанды.
Гульназ Серикжановнаның шәкірттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында үздік нәтижелер көрсетіп жүр:
Федоренко Р. – «Жарқын болашақ» (аудан – І орын, облыс – ІІ орын, 2024 ж.); Абай оқулары (аудан – І орын, облыс – Грамота, 2023 ж.).
Арслан Севиль – Ауыл олимпиадасы (аудан – І орын, облыс – ІІ орын, 2024 ж.); Мағжан оқулары (аудан – ІІ орын, 2024 ж.); «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» республикалық олимпиадасы (ІІ орын, 2024 ж.).
Аширова Д. – Абай оқулары (аудан – ІІІ орын, 2024 ж.).
Балябина М. – «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» республикалық олимпиадасы (І орын, 2024 ж.).
Бұл – нағыз ұстаз еңбегінің жемісі.
Гульназ Серикжановна – қазақ тілі пәніне арналған көмекші жұмыс дәптерлерінің авторы, мектептегі әдістемелік бірлестіктің жетекшісі. Әріптестері арасында сөзі өтімді, тәжірибесімен бөлісетін, бағыт-бағдар беретін жан. Ол талай жас маманға қолдау көрсетіп, ұстаздық жолда демеу болып келеді.
Сонымен қатар, ол – екі батыр ұлдың және бір сұлу қыздың аяулы анасы, отбасының алтын қазығы, сүйікті отанасы. Үйде де, қызметте де жауапкершілікті қатар алып жүрген нәзік жанды арудың табандылығы мен еңбегі көпке үлгі.
Ұстаздың ең үлкен жетістігі - шәкіртінің асқақ арманға қол жеткізуі. Кожебаева Гульназ Серикжановнаның өмір жолы - жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді басты мұрат еткен шынайы жанның бейнесі. Ол - болашаққа жарық сәуле түсіріп, ұрпақтың шамшырағы болып жүрген нағыз Ұстаз.
Ұйымдар тізімі